Барлығының да шешімі бар.
Өміріңізді жеңілдететін бірнеше кеңес ұсынамыз:
Жұмыс үстеліндегі радиацияның күшін азайту үшін, жаныңызға кактус қойып қойсаңыз болады. Оның антирадиациялық әсері ертеден белгілі.
Былғарыдан жасалған бұйымдарды келесі мезгілге дейін қалай сақтауға болады? Былғарыны лимонмен сүртіп, артынша глицерин жағып, келесі маусымға дейін шкафқа салып қойсаңыз болады.
Жиһаздың үстіне ыстық затты қойғаннан пайда болған ақ дақтарды спиртпен немесе өсімдік майымен сүрту арқылы кетіруге болады. Сүрту барысында зақымдалған жерді айналдырып отырып тазалау керек.
Хрусталь, әйнек ыдыстарды суға сірке суы мен тұздан жасалған ерітіндімен сүрту арқылы жарқыратуға болады.
Қымбат киімдеріңіздің жағасындағы кірді спирт қосылған суға салып, артынша дымқыл шүберекпен сүртіп отырыңыз.
Жаңа аяқ киімнің ішін 3 пайыздық көрсеткіші бар сірке суымен сүртіңіз. Бұл қажетсіз иістерден арылуға көмектеседі.
Әміркен (лакированный) аяқ киімдерді жұмыртқаның ақуызына немесе сүтке салынған тампондармен сүртеді. Мұндай күтімді жиі жасау арқылы әміркеннің шытынауынан, сырылып кетуінен алдын ала сақтануға болады.
Үшкір заттармен жыртылған шалбарды міндетті түрде тігіп жатудың қажеті жоқ. Дәл сондай матаға жұмыртқа ақуызын тамызып, үстінен үтіктеңіз.
Киімге сіңіп қалған дақты дәкеге лимонды орап, үстінен үтіктеу арқылы кетіруге болады.
Сағыз жабысқан киімді тоңазытқышқа салып қойыңыз. Сағыз жақсылап қатып қалғанша күтіңіз. Артынша темір пышақтың көмегімен қырып алсаңыз болады.
Тамаққа қосатын жасыл шөптерді ұзақ мерзімге сақтау үшін тазалап жуып, кепкен соң аузы тығыз жабылатын ыдысқа орналастырып, тоңазытқышқа салып қойыңыз.
Кешкі асқа дайындаған сұйық тамағыңыздың тұзы өткірлеу болып кетсе, бірнеше аршылған картопты үккіштен өткізіп, таза дәкеге салып тағы біраз қайнатыңыз.
Көкөністер жылдам піскенін қаласаңыз, оларды алдын ала тұзды суға салып қоюыңызға болады.
Қайнап жатқан етті жібіту үшін бір қасық арақ қосуға болады.
Киімге түскен дақтан пиязды сүйкей отырып арылуға болады.
Өтпейтін пышақты қайрамас бұрын тұз қосылған суға салып қойсаңыз, жылдам қайратылады.
Пышақтарды жеке сақтаған жөн. Олар темір қасық, шанышқылармен түйіскен сайын өтпей қалады.
Бөлме ішінде жағымды иіс шығып тұрғанын қаласаңыз, өшірілген әйнек шамға әтір сеуіп, қайта қосыңыз. Сол мезетте бөлме ішіне жағымды иіс таралады.
Қазанға тамақ қуырған кезде майы жан-жаққа шашырамасын десеңіз, майға аз тұз салыңыз.
Әшекей бұйымдарды барқытпен немесе ши барқытпен тазалаған жөн. Ал қарайған бұйымдарыңызды пияз ағарта алады. Оларды пиязбен сүртіп, 2 сағатқа қалдырыңыз, артынша кепкен соң, таза сумен жуыңыз.
Көзілдіріктеріңіз буланбау үшін глицеринмен сүртіп қойсаңыз болады.
Әмияныңыз бен сөмкеңіз нашар жабылатын болса, балауызбен сүртіңіз.
Есікке салған кезде әрең бұралатын кілттерді сабынмен немесе балауызбен сүрткеніңіз жөн.
Терезелеріңіз бен айнаңызды 1 стақан суға 1 ас қасық сірке суын қосып сүртсеңіз, жарқырай түседі. Мұнымен қатар, қазандарды, есіктерді, жуынатын бөлмені дәл осылай сүртуге болады.